Замана заңғары

«Жазу – адамзаттың ең ұлы жаңалығы».

Әбіш КЕКІЛБАЕВ

Шексіздік. Шет-шегі жоқ даналық. Ешбір сызылтқан сипаттауға сыймайтын, әлдене таяз түсінікке кереғар келетін, тұтас адамзаттық таным мен бүкіл дүниетанымдық білімді терең түйсінген бөлек болмыс. Өзі өткерген, өзегінен өткізген дәуірлерінің романын барлық жанрда жазып қалдырған жазушы. Болашағын бағамдаған бекем бастамалар иесі. Алты Алаштың айбынын жеті қазынасындай жетекке алып, әлемнің сегіз кереметінен де биік ұстауға қызмет қылған қазақтың Әбіші еді ол. Әттең, заңғардың 80 жылдығы тойланған тұста қанша елең-алаң қылсақ та, бас кейіпкердің қатысуынсыз «Қазақтың емес, әлемнің Әбіші еді ғой…» деген естелік әңгіме айта аламыз, әрісінде. Әйтпесе, естелік сонысымен де құнды шығар…

* Журналымыздың қараша айында жарық көрген №30-31 санында дана Әбіштің рухына тағзым етіп, Маңғыстаудағы кешенді іс-шараларды жариялаған едік. Осы жолы еліміздің руханият орталығына айналған Атыраудағы Әбіш мерекесі көрінсе дейміз. Көрініп қоймай, тағылымы сезілсе дейміз.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері. Бұл атақтардың артынан Әбіш Кекілбайұлы көз үйренгендей қуаламады, керісінше кемеңгерлігімен, «Айтманша» ойпаз ғұлама, үнпаз сұңғылалығымен, адамзаттың рухани бәйгесіне Алаштың тұмарлап қосқан тұлпары ретінде нағыз абыройымен «ақ ат» өзі-ақ алдынан күтіп алды. Анығында, оның аты қазақ алдында, әлем алдында әрқашанда әппақ бояулармен теңгерілмек. Өйткені ол, тірісінде ақ-адал болды. Сол әділдігін мемлекеттік істерге кірісіп, Парламент Төрағасы, тұңғыш Мемлекеттік, Президент кеңесшісі, Сенатор сынды жоғары лауазымдарда жүргенде де сақтап қалды.

***

Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауы аясында өткізілген Әбіштің 80 жылдық мерейтойы қара алтын астанасында «Әбіш Кекілбаев – замана заңғары, сөз зергері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциядан бастау алды. Қырық пышақ боп кескілескен өңшең сөзшеңдердің жиналысында әркім, мейлі жазушы, мейлі ақын, мейлі ғалым, мейлі журналист, тіпті студент, өз Әбішін айшықтап айтқысы келді. Ендеше, солардың ішіндегі тұщымдыларынан дәм татып көрелік.

Қазақтың ең ірі қаламгерлерінің бірі Әнес Сарай «Әбіш – өмірге құс ұшар биіктен қараған адам. Оның алғашқы «Тасбақаның шөбі», «Бір шөкім бұлт», «Шыңырау» сияқты шығармаларын әңгіме-повесть деп атадық. Бірақ ол шығармалар орыс тіліне «степные баллади» болып аударылды. Яғни, баллада – қара сөзбен жазылған дастан десек, менің ойымша, оның үстірмелетіп, төндіріп жазу әдісі әдебиет теориясын тереңдетті» деп бір сілкіндірді.

– Мен өмірде жолым болған адаммын, өйткені, Әбіштей заңғар тұлғаны жеке таныдым. Оның бірнеше шығармасын жолдасым екеуміз мажар тіліне аударғанбыз. Осы ісімізді әрі қарай да жалғастырмақшымыз. Қазір бізде 500-дей қазақ студенті бар және венгр-қыпшақ студенттер арасында Әбіштануды оқытуды жоспарлаудамыз, – дейді Будапешттегі қазақ диаспорасының жетекшісі Оңайша Мандоки.

Ал, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Жанғара Дәдебаев жазушының «Үркер» мен «Елең-алаңына» нақты тоқтала отырып «Әбіш Кекілбайұлы жалғанның бір сәттік жылт еткен жарығынан өлмейтін өнер үлгісін жасады, тарихтың тарыдай болмысынан ғасырлардың төбесін көкке жеткізгендей асқар тау – алып мүсін тұрғызды. Жазушының «Бір шөкім бұлт» пен «Бір уыс топырағынан» «Үркер» мен «Елең-алаңына» дейінгі шығармаларының бәрі туралы да, бірі туралы да осыны айтуымызға болады» деп ағынан жарылды.

«Жиырма бірінші ғасыр адамдарын билеген тұрмыс тауқыметтері мен құбылмалы қоғамның құйтырқы қатынастары сенімсіздік туғызады. Содан қозғалған ой-сезімдерді замандастарға айтқың келеді. Әсіресе қаламгерлерге. Мұны оқырманға жеткізу үшін бейнелі сөз, салмақты ой, дара пішім керек. Жаңа түр керек. Соған қабілеті бар, шамасы келетін тұлғаны іздейміз… Соның бірі, бірегейі – Әбіш Кекілбайұлы еді. Мұны өз тіршілігі мен өмірі туралы ойлана алатын әр қазақ біледі деген ойдамын». Бұл – филология ғылымдарының докторы, профессор Бисенғали Зинол-Ғабденнің «Шандоз» жөнінде талдау жасамас бұрын айтқан пікірі.

Өз кезегінде «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес сай сүйегімізді сырқыратып саналы сөз арнады: «Посткеңестік әлемде, әсіресе бізге етене таныс орыс руханиятында «алпысыншы жылдықтар» деген ауқымды тарихи құбылыс бар. Коммунистік-сталиндік жүйенің күйреуінен соң дүмпу болып жарылған жыл құсындай жаңа толқын өкілдері кеңестік мәдениет пен руханияттың жалаугеріне айналған еді. Осы бір рухты жарылыс қазақ топырағында да үркердей таланттар шоғырын – ақын-жазушыларды, сазгер, суретші, киногерлерді дүниеге алып келді. Тоталитаризм тұсаулаған дарындылардың қолтығы сөгіліп, бәсекелі аламан бәйгеге араласты. Міне, осы «алпысыншы жылдықтардың» қазақ топырағындағы көшбасшысы Әбіш Кекілбаев болды. Ол өзінің классикалық шағын прозасымен сол кездің өзінде Еуропада (неміс жұртында) жоғары баға алып қана қойған жоқ, қоғамдық және мемлекеттік қызметтерімен де ұлтымыздың өсу баспалдақтарындағы жаңашыл, прогресті бастамалардың көш басында тұрды. Ә.Кекілбаевтың мол рухани мұрасы мен өз кезегінде еліне сіңірген еңбегін біз жазушының ұлы ұстазы Мұхтар Әуезовтің бірегей орын-ұстынымен шендестіре аламыз. Өлі-тірісінде артына жаман сөз ілестірмеген, тумысында гуманист жазушы, энциклопедиялық білімге ие ғұлама, аузы дуалы шешен би, ұлт жанының білгірі, кең пейілді, жұмсақ жүректі жан тұлғасы уақыт өткен сайын зорая түсіп, кемел Қазақстанның келер буындарының да арқа тірер рухани сүйеніші болып қала бермек».

Негізінен Ә.Кекілбаевтың «Ханша Дария хикаясы» жөнінде әңгімелеп, ылғи қара сөзден қамшы өргендердің ортасында отырса да, ойын қымтырылмай жеткізе білген Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 4 курс студенті Заманбек Шакировтың сөзі былай түйінделді:

«Ә.Кекілбаев шығармаларының негізгі арқауы – тарих. Абыздың бұл тақырыптағы дүниелерінде кейіпкерді оқиғалар желісінен жалаң алмайды, автор өзіне тән байсалды баяндау арқылы психологиялық, философиялық тереңдікті танытады. Оның осынау әлеуметтік белсенділігі қоғамның рухани қажеттілігін өтеуге зор мұра болып қалады».

Тағы бір айта кетерлігі, конференция соңында болашақтың еншісінде ашылғалы тұрған әдебиет институтына Әбіш атын беру жөнінде ұсыныс айтылып, бірауыздан мақұлданды.

***

Замана заңғарын еске алуға арналған шаралар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіндегі секциялық жұмыстарға ауысты. Мұнда Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен жарыққа шыққан жазушының XX томдығы университет жанынан құрылған Әбіш Кекілбаев атындағы орталыққа арнайы тарту етілді.

***

Мүшәйраның екінші орын иегері, алматылық ақын Ерлан ЖҮНІС

Кейінірек республика көлемінде өткізілген «Алаштың айбоз Әбіші» атты республикалық жабық жыр мүшәйрасы Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда қорытындыланған жыр кеші болып өтті. Оған еліміздің әр өңірінен 180 ақын өлеңдерін жолдаған екен. Ақындардың өнеріне Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлы бастаған ақын-жазушылар қазылық етті.

Нәтижесінде, мыңнан жүйрік, жүзден тұлпарлар анықталып, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов бас жүлде мен 800 мың теңге ақшалай сыйлығықты алматылық Бекзат Смадиярға табыс етті. Жүлделі бірінші орынға (600 мың теңге) елордадан келген Олжас Қасым ие болса, екінші орын (400 мың теңге) тараздық Табиғат Абаилдаев пен алматылық Ерлан Жүніске бұйырды, Үздік үштікті (әрқайсысы 300 мың теңгеден) павлодарлық Жоламан Әйткен мен шығыс қазақстандық Әскерхан Ақтай қорытындылады. Ал, Әбіш атындағы арнайы жүлдемен оралдық Бауыржан Халиола марапатталса, Ф.Оңғарсынова атындағы арнайы жүлдені атыраулық Ұлмекен Шәукенова жеңіп алды.

***

Әбіш тойының Атыраудағы екінші күнінде іс-шаралар қосыны «Әбіш оқулары-2019» облыстық көркемсөз байқауымен жалғасты. Атырау облысының колледждері мен ЖОО студенттері бақ сынаған додада Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, көптілді білім беру факультетінің студенті Гүлраушан Серікқали жеңімпаз атанды. Жүлделі 1-ші орынға Айтаңсық Елтай, 2-ші орынға Данияр Мұхтарғалиев және Данагүл Егінбай тұрақтады. Ал, 3-ші орынды Гүлжайна Келемова, Мақсат Хайрбеков және Жаңылсын Ерғалиевалар өзара бөлісті.

Бұдан әрі Ғ.Сланов атындағы облыстық әмбебап кітапханасында «Парасат биігіндегі тұлға» атты жазушы шығармалары жинағының тұсауы кесілді.

***

Екі күнге созылған ұлы тұлғаның есімін ұрпақ жадында жаңғырту шаралары Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Кемел ойдың кемеңгері» атты әдеби-музыкалық еске алу кешімен қорытындыланды. Кеште кейіпкердің өмір жолы бейнефильмде көрініс тауып, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік қойылымымен жанданды.

Құттықтау сөзін сөйлеген Атырау облысының экс әкімі Нұрлан Ноғаев жергілікті және өзге аймақтардан келген қонақтарға асқан ризашылығын білдіре отырып, аталмыш шараның шарапаты әлі талай ұрпаққа үлгі боларына сенім білдірді:

– Әркімнің өз Әбіші бар. Біреу оны ақын деп бағалайды, біреу жазушы деп таниды, енді біріміз үшін, ол – абыз. Әбіштің ұлылығы да осы. Біз әлі күнге дейін ағамыздың барлық қырын танып болған жоқпыз. Таныған қырларымыздың өзін әлі де зерттей түсу керек. Бүгінгі ұрпақтың да, келер буынның да міндеті осы деп білемін,- деді сол кездегі аймақ басшысы.

Кеш соңында Әбіш Кекілбайұлының жұбайы Клара Қалекенқызы ақыны мен жазушысын, туған топырағына тері тамған түлектерін ардақтайтын Атырау жұртшылығына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Олай болса, дүние-шіркін дөңгеленіп тұрғанда әлемнің Әбіші әсемпаз қалыпта шығармаларымен шың басынан дөңбекши қоймасы белгілі. Ол шыққан тұғыр – мәңгілік.

 

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Атырау облысы