Әбіш Кекілбаевтың туғанына – 80 жыл

«Бағалай білмегенге бақ қонбайды,

қуана білмегенге құт қонбайды».

ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ

Рас-ау… Басымызға бақтың қонуы бар да, оның тұрақтауы бар. Қайғы келсе күйініп, жақсылық жуыса сүйінетін қанағатшылдар азайды қазір. Дәулетін ақ-адал еңбегімен емес, біреудің бергенімен өлшейтіндер көбейді. Бірі биіктесе, екіншісі етегінен тартатын болды. Бірі құласа, екіншісі таптайтын болды. Бұл – шүкірсіздік! Шерханша бір кем дүние… Сондай бір кем дүниеде Абай айтқан «толық адам» болу үшін сірә, иман керек әуелі. Ол дегеніміз – ар-ождан тазалығы. Кемтігімізді жамайтын, үзілгенді жалғайтын әдебиет еді ардың ісі. Өлең сөз боп өріліп, қара сөз боп қасқаятын ақын-жазушылар қай қоғамның да дертін дөп тани алар еді. Бағалай білсек, Кекілбаев сол заңғарлардың ішіндегі шоқ жұлдызы тұғын. Осы тұста құрмасы құтты Маңғыстау өңірінде 80 жылдық Әбіш тойы түрлі сипатта көрініс берді.

Бұл тек дүбірлі думан емес еді. Елбасының оны «Шіркін-ай, осындай қазақ көбірек болса екен. Алаштың әлем алдындағы бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі»» деуінің өзі көп дүниені аңғартады. Ол өзіне берілген уақытта жасарын жасады. Қаламымен қоса қайраткерлігімен мемлекеттік мәселелерге араласып, Парламент Төрағасы, ең алғашқы Мемлекеттік хатшы, Прези­де­нт кеңесшісі, Сенатор секілді түрлі лауазымдарды асқан абыроймен атқарды. Оның осынау келісті келбеті мерейтой аясындағы елдің ықыласты тілегімен ұштасып жатты.

***

Сонымен, шаралар қосыны алдымен Ақтау қаласындағы Әбіш Кекілбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратының ашылуымен бастау алды. Мұражай – 11 шақырым аумақты алып жатқан Әбіш Кекілбаев мәдени кешенінің бір ғана бөлігі. Сондай-ақ, мәдени мекеме алдына қазақ әдебиеті абызының еңселі ескерткіші орнатылды. Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі тұғырымен қосқанда 6 метр, сомдаған мүсіншісі – Көшер Байғазиев. Салтанатты рәсімге арнайы қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш шығармашылығының тек қазақтың емес, әлемдік әдебиеттегі идеологиялық маңызы жөнінде келесідей пікір білдіре тұрып:

«Адам өз топырағына тартып туады» деген сөз бар. Маңғыстау – қойнауы қазынаға, тарихы тағылымға толы киелі өңір. Халық жазушысы, ұлтымыздың мақтанышы Әбіш Кекілбайұлы осындай қасиетті жерде дүниеге келді. Зиялы қауым оған айрықша құрмет көрсетіп, «Қазақтың таңдайы» деп атады. Ұлттық болмыс пен ұлттық рух оның шығармаларының діңгегіне айналды. Тұтас алғанда, заңғар жазушының туындыларына тарих пен тәуелсіздік арқау болды. Оның «Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік» деген тұжырымы баршаға ой салады. Классик қаламгердің еңбектері әлем әдебиетінің алтын қорына тиесілі. Қазіргі жастарымыз Әбіш Кекілбаевтың қоғамдық-саяси көзқарастарын танып-білуі керек» деді.

Ал, маңғаз Маңғыстаудың тағы бір тектісі Светқали Нұржан («Айт-Ман» – Әбіштің өзі қойған есім) айтқан ақиқат отырғандардың көкейіне жеткен қонымды сөз болды. «Ойпаз ғұлама, үнпаз сұңғыла, адамзаттың рухани бәйгесіне Алаштың тұмарлап қосқан тұлпары, Елбасымен бірге тәуелсіздік туын мәңгілік алтын тұғырына мәңгілікке қадаған саңлақ санаткер Әбіш аға Кекілбайұлының 80 жылдық мерекесі құтты болсын» деп бастаған ақын сөзі былайша түйінделді:

«Әлемнің қандай ерен тұлғасымен бой таластырып көрсең де олқы соқпайтын, қай терең тұнбасымен ой бойлаттырып көрсең де таңқы шықпайтын Әбішпен қандас болғанымызға, түндес болғанымызға, жерлес болғанымызға мақтанамыз. Бірақ оның үлкен жауапкершілігін де ұмытпауымыз керек. Егер ел болудан үмітіміз болса, ұрпақ ұрғынымыздың бойына жатпай-тұрмай осынау кәусар мұраны сіңіріп бағуымыз керек. Абзалдарымыздың тойын тойлағанда тек қызық қуып, қымыз ішіп қана қоймай, мұрағатын ақтарып, ұлағатын жатқа алып жанталас салуға тиіспіз…».

***

Бұл рәсімдерден кейінгі салтанат Абай атындағы мәдениет үйінде жалғасты. Арнайы концерттік бағдарлама барысында қатысқан зиялы қауым арасынан Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов жазушылардың ішінде бірінші болып «Қазақстанның Еңбек Ері» атанған Әбіш жазбаларының замананың небір қиын тұстарында қалқан боларлық құдіретті қасиеті барын, оның мұрасын әр ұрпақтың санасына сіңіру азаматтық парыз деп пайымдады. Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Есенғали Раушанов Әбіш туралы естеліктерін ортаға салды.

***

Іле-шала мерейтой «Достық үйіндегі» Маңғыстау облысы әкімдігі мен Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті ұйымдастырған әдебиет және өнер қайраткерлерінің Халықаралық конгресіне ұласты. Мұнда сөз сарқытын ішкен, әлемнің әр түкпірінен келген әдебиеттану, тіл білімі, тарих, философия, педагогика, психология, әлеуметтану, саясаттану сынды гумнитарлық сала мамандары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалым-зерттеушілер қатысты.  Бір сөзбен сөзге сараңдық байқалмады. Ә.Кекілбаев шығармашылығының әлемдік көркем кеңістіктегі орны мен оның адамзаттың рухани дамуына өзіндік ықпалын адамтану және жаратылыс концепциясы тұрығысында зерделеу, оны әлемдік ғылыми айналымға енгізудің тетіктерін талдап, талқылауды мақсат еткен пленарлық мәжілістің тізгінін Мәжіліс депутаты, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахманов қолына алып, модераторлық қырымен танылуымен бірге келесідей ойлы әңгіме қозғады: «Әбіш есімді данышпанды осыдан 80 жыл бұрын қазақ халқы әлемге «осындай да ұл таба аламыз» деу үшін туғандай көрінеді. Халқымыз Әбіштей ұлының бойына кісіліктің де, кішіліктің де, даналықтың да, даралықтың да, сарылықтың да, шешендіктің де, көсемдіктің де қатарынан біте алатынын, бір адамның әрі жазушы, әрі ақын, әрі драматург, әрі аудармашы, әрі философ, әрі тарихшы, әрі әдебиеттанушы, әрі мәдениеттанушы, әрі леуметтанушы, әрі саясаттанушы, саясаткер әрі қайраткер бола алатынын дәлелдеу үшін, олардың бәрінде де бір адамның кемелдікке жете алатынын көрсету үшін туғандай көрінеді. Сол үшін де Әбішті дүниеге әкелген осы қазыналы өлкеге мың тағзым етеміз! Оның кітаптарында әлем әдебиетіндегі ұлы жазушыларға тән қасиеттердің бәрі бар. Оның үстіне ол – ұлы ойшыл.   Кекілбаевтың шын кемеңгерлігін дәлелдеу, түсіндіру, насихаттау жөнінде жылдар бойы ерінбей жұмыс жүргізе алсақ, бұл өзіміздің елдігімізге сын».

ҚР Премьер министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев қара сөзден қамшы өргендей керемет сөз тіркестерін қолданды. «Шекспирдің шеберлігі мен тереңдігіне бойлаймыз деп ол туралы әлемде әр түрлі тілде 15 мың, кейбір деректерде 25 мыңнан астам көлемді зерттеулер жазылған екен. Әбіш әлемінің лингвистикалық, географиялық-жаратылыстанушылық, адамтанушылық, психологиялық картасын толыққанды сызып шығу үшін де осындай деңгейдегі зерттеу жұмыстары керек. Оның дарынын бір ғана филологиялық өлшемдермен өлшеуге келмейді. Оның бір өзі әлемдік университет сияқты болған адам. Мұндай дарындар адамзаттың тарихында сирек кездеседі» деді Сапарбаев.

Ал, классик жазушы Төлен Әбдік түсінген жанға тағылымы ағыл-тегіл сөз айтты. «Мен Маңғыстауға келсем, өзімнің туған ауылыма келгендей боламын. Әркімнің туған жері – қасиетті Меккесі болса, Маңғыстауға бұдан асқан баға бар ма?! Осы кештегі керім естеліктерден Әбіштің біз білмеген, біз көрмеген бекзада болмысы ашылып, қандай асылымыздан айырылып қалғанымызды жаңа бағамдадық… «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген  сөздің нағыз әулиелік сөз екеніне шын иландық.  Осының бәрін сезінгенде, жоқ, сезінгенде емес-ау,  түсінгенде кеудеңді бір алапат өкініш сығады екен де, жайлап барып босатып, артынша ауыр мұң жайлап алады екен. Неткен өкініш! Неткен ғапылдық! Неткен мұң..! Дегенмен! Қасиетіңнен айналайын, туған елім, әлі-ақ, дана Әбішке, данышпан Әбішке парапар тұлға табатыныңа күмәнім жоқ! Күмән келтіруге хақым да жоқ! Сен аман бол!» дегені буынымызды босатып-ақ тастады.

Бұдан бөлек, сан алуан тақырыпта мазмұнды әңгімелер айтылды. Қаламгерлерден Ұлықбек Есдәулет, Төлен Әбдіктер, шетелдік меймандардан Ресейден келген Анатолий Ким, Eotvos Lorand атындағы мемлекеттік университетінің және Лакителек ұлттық институты шығыстану бөлімінің лекторы, профессор О.Мандоки, Түркия Республикасы Кастамону университетінің профессоры, доктор Орхан Сөйлеме және  Ш.Есенов атындағы КМТжИУ профессоры Әділет Қабылов, әрқайсысы Кекілбаев кемеңгерлігінің сырын өзінше жайып салуға тырысты. Конгресс жұмысы өз нәтижесін берді деуге толық негіз бар. Себебі әлемнің және еліміздің ұшы-қиырынан келген әдебиет пен өнер өкілдері өзегіндегі өзекті сауалдарына өзара пікір алмасу арқылы жауап таба алды.

***

Кез-келген суреткер үшін жеке туындысы сахналанып жатса бір ғанибет екені хақ. Осы орайда Маңғыстау облысы әкімдігінің құрыл­тай­шылығымен, Мәдениет және спорт министрлігінің, ТҮРКСОЙ-дың қолдауымен Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театрында I халықаралық «ABISH ALEMI» фестивалі болып өтті. Фестивальге Армениядан, Грузия­дан, Әзербайжаннан, Ираннан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан, Түркия мен Түрікменстаннан, сондай-ақ Қазақстаннан М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павло­дар облыстық драма театры және  Н.Жантөрин атындағы драма театры әртістері қатынас­ты.

Ендігі әрі екі жылда бір рет өткізілетін шараға сахна майталманы Асанәлі Әшімов бастаған «Алтын қалам» сыйлығының лауреаты И.Исрафилов, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының қоюшы режиссері С.Қажымұратов, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемле­кет­тік академиялық балалар мен жасөс­пірімдер театрының көркемдік жетек­шісі Е.Жуасбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Өтеуіл, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ә.Ахметов, Маңғыстау облы­сының «Жыл адамы – 2016» номи­на­циясының иегері М.Өмірәлиевалар қазылық жасады. Ескере кететін жәйт, Ә.Кекілбаевтың классикалық туындыларының сахналанғаны, соның ішінде өзге тілдерге аударылғаны тым аз болғандықтан, сайыскерлерге өз репертуарындағы ұлттық және классикалық жанрдағы қойылымдарымен қатысуға рұқсат етілді. Сайыс нәтижесінде, қазылардың бірауыздан шығарған шешімімен қатысушы барлық 10 театр қойылымдарды үздік сахналағаны үшін лауреат атанды.

***

Туған жердің түтіні қашан да түзу. Әбіштің кіндік қаны тамған Оңды ауылы да төл перзентіне ризашылығын арнап, тағзым етті. Жазушының туған ауылына жиналған қонақтар «Ай-Ана» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. «Ай-Ана» мемориалды кешені майданға аттанып оралмаған жарларын күткен әйелдердің символикалық бейнесі ретінде, Әбіштей дананы дүниеге әкелген Айсәуле анаға арнап тұрғызылған.

Осылайша танымдық, спорттық шаралар кейін Шетпе ауылында жалғасып, орталық алаңға «Әбіш ауылы» киіз үй қалашығы бой түзеді. Қаз-қатар тігілген киіз үйлер­де аудан тұрғындары мен қонақ­тар астан дәм татып, концерттік бағдар­ла­маны тамашалады.

Фариза ақынның «Талантты болу қауіпті, талантсыздардың ішінде» дегені бар-ды. Ал, Кекілбаев талантын әлемдік деңгейде толық мойындатқан тұлға. «Үркер», «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры» тарихи романдары мен «Күй», «Шыңырау», «Ханша дария хикаясы», «Құс қанаты» және тағы басқа әдеби шығармалары, бағалай білсек, Әбіштің өміршеңдігін әлі талай ғасыр дәлелдей жүрері хақ. Әбіш даналығына тағзым – мәңгі жалғасады…

 

Жеңіс АРОНОВ,

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,

Маңғыстау облысы