Өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиетінің көшін бастаған өзгеше бір толқын пайда болды. Сұрапыл толқын. Оның ұлттық әдебиет пен мәдениетке жаңаша леп ала келуімен қатар, әлемдік өркениеттің жандануына айтарлықтай үлес қосқаны бәрімізге белгілі. Әлем мойындаған классик жазушылар Уильям Шекспир, Джек Лондон, Эрнест Хемингуэй, Карло Гоцци, Рюноскэ Акутагава сынды дүниежүзілік алыптармен иық тіресе жүріп, өз-өзін таныту – әуелі дарын, сосын көп еңбектің жемісі.

Ол дәуір – әдебиеттің алтын ғасыры атанып кетті. Нарқасқадай нар тұлғалар, қайталанбас тау тұлғалар дәуірі ме дерсің?! Әр жазушының өз стилі, бағындырған өзіндік биік белесі бар-тын. Ешқайсысы бір-біріне ұқсамайды. Кілең көсемсөз зергерлері. Қаламды әлдеқандай абырой, атақ, мемлекеттік сыйлық алу үшін қолданбады. Керісінше, сөз құдіретін сезіне, қалам киесін ұғына келе жанына серік етті. Жазуға үлкен жауапкершілікпен барды. Бүгінде даңғаза дақпырт қуып, түрлі сыйлықтар үшін қалам сермеп жүрген кейбір жазушылар, өткен ғасыр қаламгерлеріне ат шаптырып та жете алмайтынына анық көзім жетті. Мұхтардың майын тамыза жазған туындыларынан артық етіп кім жаза алды, Ғабиттей ғажап сөз саптайтын жазушы бар ма арамызда, Төлегендей төкпе жырды төгіп-төгіп жіберетін ақын қайда, Есенберлиндей тарихты сапыратын, Қадырдай данышпан, Мұқағалидай мұңайта алатын кім бар? Көркемсөз шеберлерінің саны мұнымен тоқтамайды. Жалғаса береді.

Әдеби көштің арасынан кемел ой иесі, болмыс-бітімі бөлек Әбіш Кекілбаевты ерекше атап өткім келеді. Тума талант. Шығармаларының шоқтығы биік. Пенделік ұсақтықтан ада қаламгер. Кітабын қолға алғаннан-ақ ішіне еніп кетесің. Тереңіне бойлаған сайын, күйкі тірлікті ұмытып, сондағы кейіпкерлермен бірге тыныс аласың. Әр парағын ақтарған сайын, ондағы маржандай тізілген дүрү-жаухарларды қойын-қонышың толғанша ала бересің, ала бересің. Жиған қазынаңды басқалармен бөлісуге асығасың.

Әкесі Кекілбай 1942 жылы соғысқа аттанып, Сталинград маңындағы шайқаста қаза табады. Қаралы хабар араға бірнеше жыл салып, елге жетеді. Бұл хабар бала Әбіштің жүрегін жарақаттап, ертерек есейтіп жіберді. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ «Лениншіл жас» газетінің батыс өңірдегі белсенді тілшісі атанды. Сол кездің басылымдары «Мұндай оқиға өте сирек кездесетін құбылыс» деп жарыса жазды. «Әке» поэмасы әкесіне сөзден соғылған ескерткіш іспетті. Бала арманын барынша айшықтаған ішкі толқыныс. Дастандағы мына шумақтарды қараңыз:

… Біржола қылғынды ма күй тамағы

Бұл үйде енді қай жан күй шалады,

Қаңсыған қара домбыра қала берді,

Мені ешкім маңдайымнан сипамады.

Деуші едің ылғи мені құлыншағым

Қайтейін, соның бәрі бүгін сағым,

Сен жоқта құлының да әке болып,

Сипамақ құлынының тұлымшағын.

Әбіш шығармаларынан қазақ иісі аңқып тұрады. Кенезең кеуіп, қазақылыққа шөлдеп тұрған сәтіңде таңдайың татып, сусының басылып, әй, бір қарқ боп қаласың! Туындыларында туа бітті қалыптасқан мінез бар. Бүкіл есі-жадыңды баурап, жан дүниеңді жаулап алады. «Жүнді барақ» деп аталатын повесінде оқиға желісі өте қарапайым өрілген. Соғыс жылдарының адамзат тағдырына әкелген үлкен дағдарысын жазушы қара сөзбен шебер жеткізген. Алмағайып заман, алаңдаған адам. Еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияға шейін есін жия алмай, есеңгіреп жүрген халық бейнесі. Шығарманы оқи келе, әңгіменің атауы «жүнді барақ» болғанымен, жүн мен барақ жайлы мәні бар ештеме жоқ екенін байқайсыз. Астарлап жеткізілген ақиқат барын ұғынасыз.

Жазған дүниелерінде ел тағдыры, жер тағдыры, жазмыштың күйін шертеді. Құлағыңа әлдебір сарын есітілгендей елең ете қаласың. Сазды сарын… Кейбір тұстарында жібектей есіліп, мамықтай мамырлай жөнелсе, кей жерлерінде қобыздың мұңды үніндей құйқылжыта түсіп, қай-қайдағыны қозғап салады. Шыңыраудың түбінен шыққан үнге құлақ түресің. Шың түбіндегі тастарды қолындағы сүймесімен тық-тық ұрады кеп. Еңсептің маңдайынан шыққан ащы тер шып-шып етіп емен күбіге тамады. Ғасырға татитын үнсіздікті құдықшының ентіккен демі мен қолындағы құралдың тасқа соғылған дауысы ғана бұзып тұр. Шыңыраудың ішіндегі жанталас сырттағы тынымсыз тіршілікті біржола ұмыттырғандай. Өлі тыныштық… «Осыдан аман шықсам, құдық қазбай кетейін» деп талай рет ант-су ішкен. Бірақ, сыртқа шыққанда алдына қолқалап келген байлардың қолпаштауы мен қошеметін естігенде еңсесі көтеріліп, Үстіртке шығып, тау-тас аралап, су көзін іздеп кететін. Кейін келе кеудесіне нан пісіп, көмейіне құрт түсіп, сол қолқалаушыларды менсінбейтін әдет пайда болды. Адамзаттың түбіне көбінесе осындай пендешілік пен менмендік жететінін қалай дәл суреттеген.  Қаламның қарымы дегенде шек жоқ-ау, сірә?!

Шығармадағы Құлжан образы арқылы халықтың жан-жарасын аршып, жанайқайын тұспалдап жеткізгеніне куә боласыз. Айықпас дертке шалдыққан Құлжан өзінің қылтамақ болып қалғаны қаперіне де келмейді. Бір білетіні тамағынан ас өтпейді. Өңешінде әлде не тығылып алып, не ары, не бері кетпей қойды. Жоқ, бұлай жалғасуға болмайды! Жанын азапқа салып, өңменін тескен түйіннен біржола құтылуды ойлайды. Өті жарылып кетпес! Қолына бес өрім дырау қамшыны алып, жалбырап тұрған күлтелерін пышақпен жонып алып тастады. Жақсылап маймен ысты. Сосын қымызға салып жібіткен болды. Аузын барынша ашып, қамшының сабын жоғарыдан төменге қарата, көмейіне қарай итере берді. Құлқынында тұрған қу безден осылайша құтылам деп ойласа керек…

Әңгімедегі қысқа ғана оқиғадан автордың не айтқысы келетінін көзі қарақты оқырман бірден байқайды. Құлжанның жанкештілігі – елдің дерті, жанына батқан жанайқайы! Қахарынан қан тамған Кеңес заманында мұндай батыл туындылар жазу нағыз ерлікпен парапар. Бас қамын ойламай, ойын бұлдау екінің бірінің қолынан келе бермейтіні рас.

Сөз қаймағын қалқып ішкен, түгін қоймай сарқып ішкен деп осындай сөз өнерін шебер меңгерген шешендерге қарата айтады. Оңды деп аталатын кішкене ғана ауылдан шыққан әдебиет алыбын бұл күндері халқымыз құрметтеп әулиеге теңейді. Маңғыстаудың үш жүз алпыс үшінші әулиесі.

Қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов «Кекілбаев кеңістігі» атты мақаласында «Әбіш Кекілбаев – заманымыздың заңғар тұлғасы, ол жайлы сөз айту кімге де болса оңайға түсе қоймас» деп еді. Қаламгердің шығармашылығына қолдан келгенше шолу жасадым.

Биыл қоғам қайраткері, әдебиет абызы көзі тірі болғанда сексеннің сеңгіріне шығар еді. Қазірде заңғар тұлғаның мерейтойын халықаралық деңгейде тойлауға қызу дайындық жүріп жатыр.

Республикамыздың кейбір өңірлерінің зияткерлік мектептерінде «Әбіштану» кабинеттері ашылғанынан хабарымыз бар. Орайы келгенде айта кететін жайт, енді оқулықтарға Әбіш әлемін танытатын танымдық сабақтар ендірілсе дұрыс болар еді деп ойлаймын. Білім көкжиегі кең, пәлсапасы мұхиттай терең, танымы биік тұлғаны зерттеп, зерделеу біздің яғни, келешек ұрпақтың басты міндеті болуы тиіс.

Сұлухан МЫҢБАЙ,

Түркістан облысы