Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында айтылған ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін қазақ тарихын зерделеу «Архив – 2025» жетіжылдық бағдарламасын жүзеге асырумен тікелей байланысты. Әрбір азамат үшін туған жерді көркейтуде кешенді іс-шаралардың алдыңғы легі өлке тарихын танып-білуден бастау алатыны ақиқат. Осы бағытта тарихы сонау IX ғасырдан бастау алатын Сарайшықта «Туған өлкені зерттеу: оның маңызы мен басым бағыттары» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Сарайшық – Атырау облысы көлемінде республикалық дәрежедегі төрт ескерткіштің ішінде археологиялық бірден-бір нысан. Ортағасырда бұл мекен Дешті-Қыпшақтың қасиетті орталығы болды. Бертін келе Ақсақ Темір Алтын Орданың Сарай-Бату, Сарай-Берке қалаларын қиратқанда Сарайшыққа тимеді. Неге? Бұның себебі – Сарайшық сол заманда ортағасырлық мәдениеттің, ислам дінінің, ілімнің діңгегі болды. Ал, Әмір Темір исламға берілген ұстанымын алға тартып осынау өркениет орнын бұзғысы келмеді. Сондай-ақ, белгілі араб ғалымы Ибн-Батута 1334 жылғы сапарынан кейін «…Менің таңқалғаным – жер шарын шарлап жүргенімде, көрмеген бір қызықты Сарайшықтан көруім болды. Мұнда су әрбір үйге өзі барады екен» дегенді жазып қалдырады. Демек, бүкіл кеңістікте алғаш су құбырлары осында пайда болғанын көрсетеді.

Ал, жоғарыда аталған конференция Атырау облысы білім беру басқармасының әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткізілді. Ол секциялық және пленарлық мәжіліс тәртібінде жүргізілді. Секциялық мәжіліс екі бағытта, біріншісі – өлке тарихы, екінші – тарихи-мәдени ескерткіштер, жер-су атаулары және этнография, мектеп бағдарламасында өлкетану жұмыстарын ұйымдастыру бойынша жұмыс жасады. Конференцияда «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының директоры Ә.Мұхтар модератор болды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Ахмет, өлкетанушы-журналист Ө.Әлімгереев, «Сарайшық» музей қорығының археологы М.Әбдіғалиев келіп түскен ғылыми мақалаларды сараптап, үздігін анықтаумен айналысты.

Аталмыш жиынның мақсаты – облыстың географиясынан бастап, мәдени, тарихи, рухани әлемін жан-жақты зерттеп, зерделеу. Сонымен қатар, келешекте Сарайшықты шынайы туристік орталыққа айналдыру.

Махамбет көпбейінді ауыл шаруашылығы колледжіндегі секциялық мәжілісте облыстағы аудандар мен қала мектептерінің ұстаздары, оқушылар баяндама жасап, түрлі деңгейдегі зерттеулерін талқыға салды.

Секция жұмысы қорытындыланған пленарлық мәжілісте алғашқы болып сөз алған әдістемелік орталық басшысы Орынтай Биманова «Атырау облысының өлкетану оқулығы және оның мәселелері» атты баяндамасында былай деді:

  • Барлық өңірде өлкетануды жандандыру қарқынды белең алды. Осы шаралар аясында 2018 жылдан бастап өлкетану оқулығы шығарыла бастады. Оқулық 5-7 сыныпта 20 сағат көлемінде екінші жартыжылдықтан бастап жүруде. Соның ішінде қазақстан тарихынан он екі, музыка, география пәндерінен екі сағат. Өлкетануды қалай оқытамыз деген мәселеде оқулық барлық материалды түгел қамтымайды, бұл тек бағдаршам ғана.

Бүгінде Сарайшық музей қорығын қорғауға алу мәселесі аса маңызды. Аяқ астымыздағы тарихи мұраны таптамай, қорғауымыз керек. Күндердің күнінде Сарайшық әлем таныған үлкен қалаға айналмақшы.

Сарайшықты жастайынан зерттеген тарих ғылымдарының кандидаты, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Жеңісбек Мұстафин өз сөзінде:

  • Сарайшық ноғай жолы, қыпшақ даласынан бастау алады. Сол кездегі тарихшылардың, шығыс-батыс саяхатшыларының, Жошы елшілерінің жазбаларынан, Ұлы даламызға сапар шеккендердің пікірлерінен, сондай-ақ, қазба жұмысын жасаған Әлкей Марғұланның, археологтардың еңбектерінен Сарайшық тарихын танимыз.

Сарайшықты зерттеуге студент кезімнен араластым. 1968 жылы шығыстанушы В.П.Юдин арнайы келген сапарында «Сарайшықты білесің бе?» деді. Білгенде қандай?! Сарайшық тарихын бұзған да, қиратқан да орыстың өктемшіл саясаты. Дегенмен, зерттеуім әлі күнге аяқталған жоқ, – деді.

Өз кезегінде сөз алған тарих ғылымдарының докторы, профессор Ұлжан Ахметова «Өлкетанудың тарихи бастаулары» атты баяндамасында өлке тарихының Ресей мұрағаттарындағы құжаттар арқылы зерттелу үстінде екендігін жеткізді:

  • 1887-1918 жылдары Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясы қазақтың көнеден 1917 жылға дейін тарихын мемлекеттік мұрағатына хаттады. Хатталмағандарын Санкт-Петербург, Мәскеуге жіберді. Жәй отарлаған жоқ, бүкіл топографтарды, ғалымдарды, географтарды, тарихшыларды, шығыстанушыларды іске қосып, мемлекеттік деңгейде қазақ тарихын ғылыми зерттеді. Нәтижесінде, күні-бүгін осы құжатталған мұрағат деректері арқылы тарихымызды саралаудамыз.

Ал, Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалыпқа келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекция басшысы Мұхамбетқали Кипиев Атырау өңірінің тарихи-мәдени мұрасы, ескерткіштер мен киелі жерлер жөнінде әңгіме қозғады:

  • Өлкедегі республикалық дәрежедегі ескерткіштер төртеу – Сарайшық, Қарой (Индер), Атырау қаласындағы мұнайшылар қалашығындағы ғимараттар және Жұбан кесенесі. Облыста жалпы саны 1090 ескерткіш болса, оның 313-і жергілікті қорғауға алынған, 773-і тарихи-мәдени мұра нысаны, 558-і – археологиялық.

Сонымен қатар, киелі жерлер ұғымы бар. Санамызда бұрыннан бар әулие-әмбиелер жерленген жер. Облысымызда 7 нысан республикалық маңызы бар киелі жер тізімінде. Бірінші Сарайшық тұрады, себебі төрт облысты қоса алғанда ол бірден-бір археологиялық ескерткіш.

Құрманғазы ауданынан келген ұстаз Гүлайым Қуанбаева тың тақырыпты көтере білді. «Атырау облысындағы балалар үйінің тарихын зерттеудің маңызы» тақырыбында әңгіме өрбітіп, ашаршылық кезеңде балалар үйінде тәрбиеленген ұл-қыздарды атап өтті. Оның тоқталғаны – Телячьедегі балалар үйі. 1932 жылы құрылған. Алғашқы директоры – Махмут Мусағалиев. Мұнда Ұлы отан соғысы жылдары Белоруссия, Украинадан 200-дей бала тәрбиеленген. Бұл деректерді Г.Есенқызы сол кезеңде тәрбие ісі орынбасары болған Малымбай Ізмағановтан алған көрінеді. Ол осы деректерді пайдаланып, балалар үйінің бұрынғы  тәрбиеленушілерін іздестірген. Солардың ішінде, белгілі болғаны – Қасқырбай Әжіғалиев Индер аудандық кеңесінің бөлім меңгерушісі, Қойсары Танбаев Лихачев атындағы зауытта инженер, Суцерин Астрахандағы аудандық оқу бөлімі меңгерушісі. Ал, тағы бір түлек Сатқаш Сариев Арал теңізі жөнінде география ғылымының кандидаты. Баяндамашы сөз соңында осы Телячье балалар үйінде тәрбиеленіп, кеңестік саясат құрбанына айналған ардагерлерді мемлекеттік сыйлықтарға ұсынып, жәрдемақы тағайындауды, балалар үйінің тарихын мемлекеттік деңгейде қарауды, зерттелуіне арнайы жобалар жасауды ұсынды.

Одан әрі Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының бас қор сақтаушысы Жанар Диарова «Сарайшық музей қорығы жәдігерлері» тақырыбындағы баяндамасында музей қоры жайлы әңгімеледі. Айтуынша, қор археолог-ғалым З.Самашевтің 1996-2009 жылдары жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде жинақталды. Қазір 3936 жәдігер бар. Музейдегі жәдігерлер санын арттыру мақсатында тұрғындармен бірлесе табылған көне заттарды сыйға тарту акциясы жүргізілуде.

Конференция қорытындысымен алыс-жақын аудандардан келіп, ғылыми баяндама жасаған бір топ ұстаздар, оқушылар алғыс хатпен марапатталды. Өлкетану секциясы бойынша үздік атанғандар мыналар: Дина Жұқатаева, Заря Ажгалиева, Айгерім Тілепбергенова, Уалитхан Дүйсенбаев, Дильназ Разихова, Тұрсынай Аренова, Данагүл Жетібай, Ақтоты Бисекен және Айдана Сатанова. Ал, тарихи-мәдени ескерткіштер, жер-су атаулары және этнография секциясы бойынша Гүлзада Ауданова, Нұрдәулет Қабдығалиев, Әлия Бекқалиева, Бадыхан Мадирова, Клара Ермұханова және Нұргүл Орынбаевалар озық шықты.

Сайып келгенде, өлке тарихын ұрпақ санасына сіңіріп, өткені мен бүгінін, ертеңін бағамдай білетін ұлт қана мәңгі жасайды. Мәңгілік ел боламыз десек, Сарайшық сынды тарихи орындардың түп-тамырын тереңнен қозғап, қазіргі ахуалына баса назар аударғанымыз жөн.

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ