Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы Жолдауында әлемдік саяси және экономикалық трансформация үдерістерінің күшейгендігін айтып, елдің экономикалық дамуының бағытын жаһандану жағдайына лайықтауды тапсырды. Соның ішінде қаржы жүйесін оңтайландыру, бизнесті жүргізу бойынша «қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды» қолдау мәселесіне айрықша назар аударды. Халық табысының өсуі, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруы ең бірінші экономиканың қарқындауына тікелей байланысты. Бұл ретте елдің экономикалық деңгейін жоғарылатуда Атырау өңірі тек батыс аймақта ғана емес, тұтас республикада жоғары көрсеткішке ие. Осыған орай мұнайлы өлкенің бас шаһарының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұрат-ұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.

  • Алимұхаммед Құттұмұрат-ұлы, ел экономикасының локомативіне айналған аймақ орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне қысқаша тоқталсаңыз.
  • Елбасы Атырауға келген сапарында есепті мерзімде республиканың ішкі жалпы өніміндегі өңірдің үлесі 14 пайызды құрағандығын жеткізіп, оң бағасын берген еді. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3 653,1 миллиардқа артты. Өсімнің негізгі индикаторы – өндіруші сектор. Бағасы әр түрлі келетін шикізат ресурстарымен салыстырғанда, баламалы өндіріске жол ашатын индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын игеру тиімдірек. Мемлекет басшысы бұл үшін үлкен кәсіпорындарды құрмай-ақ, экспортқа жұмыс істейтін икемді шағын жобаларды алдыңғы қатарлы міндеттер қатарына қойды.

Осыған сәйкес, өнеркәсіптік бағытта қаладағы барлық меншік түріндегі өнеркәсіптік кәсіпорындармен 467 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Кен өндіру саласы бойынша өндірілген өнімнің көлемі 245 млн. теңгеге жуықтайды. Дәл осындай көрсеткіш өңдеу өнеркәсібінде 185 млн. теңгеден асып түседі.

Сонымен қатар, индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы шеңберінде құны 3,1 трлн. теңгені құрайтын 29 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 3515 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның ішінде, республикалық деңгейде индустрияландыру картасы бойынша құны 3,07 трлн. теңге, екі мыңнан астам жаңа жұмыс орнын қарастыратын үш жобаны ерекше атап өткен жөн. Бұлардың қатарында Қазақстанның мұнай өңдеу секторының тұңғыш кәсіпорны – Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту мен қайта құру, полипропилен өндіретін «KPI» ЖШС мен полиэтилен өндіретін «KLPE» ЖШС-нің газ-химиялық кешені құрылысы бар.

Сауда-саттықты сатылап көтеру мақсатында, қала бойынша бөлшек сауда көлемі 175 млн. теңгеден асады. Бұл былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жүз пайыздық нәтиже болып саналады.

  • Қала аумағында инвестициялық жобалардың орындалуы, инфрақұрылым жөнінде не айтасыз?
  • Сыртқы және ішкі экономикалық саясаттың негізі саналатын инвестиция тарту мәселесінде негізгі капиталға құйылған қаржы көлемі 370 млн. теңге. Жалпы облыс шеңберінде бұл 13,7 пайызды көрсетеді. 2017 жылы 347 жұмыс орнын құрайтын құны 5,1 млрд. теңгеге бес жоба іске асырылды. Қазіргі таңда инвестициялық жобаларды көптеп қолға алу жоспарлануда. Атап айтсақ, қуаты 52 мегаватт болатын жел электр стансасы, ыстық күйінде мырыш жалату цехы, робот арқылы дәнекерлеу әдісін қолдана отырып, металл конструкцияларын, карбон негізіндегі қуатты кабель, крекинг катализаторын өндіру жөніндегі кәсіпорындар, фармацевтика зауыты, қысымды өлшеуге арналған құрылғылар шығаратын зауыт, құс фабрикасы, аумағы 20 гектар болатын жылыжай салу.

Ағымдағы жылы 105 жұмыс орнын құрайтын төрт жоба оң шешімін тапты.  Жалпы құны 6,2 млрд. теңгені құрайтын жобалар қатарында тауарлы бетонды бір рет пайдаланатын қағаз стакандары өндірісі, полиэтилен пакеттерін өндіру жобалары және диірмен құрылысы бар.

Елдің макроэкономикалық, әлеуметтік және саяси тұрақтылығы –инвесторлар тартымдылығы үшін негізгі фактор. Бізде инвесторлар үшін көптеген жеңілдіктер мен преференциялар көзделген, олардың ішінде, жеңілдетілген салық және кеден жүйелері бар.

Қала әкімдігі тарапынан инвесторларға жер учаскелерін бөлу, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және басқа да қолдау түрлері қолданыстағы заңнама аясында көрсетіледі.

Аймаққа әлеуетті инвесторлардың қызығушылығын оятатын негізгі фактор – дамыған көлік логистикасы. Мәселен, Атырау облысында шамамен мың шақырымды құрайтын республикалық маңызға ие автомобиль жолдары, Амстердам, Стамбул, Мәскеу, Баку сияқты қалаларға қатынайтын халықаралық әуе қатынасы ашылған, сондай-ақ, 25 бағытта темір жолы байланысы қатынайды.

Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 3708 пәтерлі 39 көпқабатты тұрғын үй құрылысы басталды. Береке ықшамауданынан 72 пәтерлік – 17, Нұрсая ықшамауданынан 72 пәтерлік 8 тұрғын үй жыл аяғына дейін өз иелерін таппақ. Сондай-ақ, бұл аудандарда келер жылы он жалдамалы тұрғын үй нысаны беріледі деп күтілуде. Жас отбасыларға арналған бағдарламамен Балықшыдан 30 пәтерлік бір үй берілді, Қайыршақты және Талқайраңда бір және екі қатарлы 80 пәтерлік 60 үйдің құрылысы жүруде.

Қала бойынша құрылыс нысандарын салу қызметіне 103 млн. теңге қаржы жұмсалды. Жалпы саны 39 мың шаршы метр тұрғын үйді құрайтын 2647 пәтер пайдалануға берілді. «Терможаңғырту» бағдарламасы аясында биыл сегіз көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтуде. Тұрғындардың коммуналдық қызметке төлейтін ақысынан қайтарымды қаражат есебінен төрт тұрғын үйге күрделі жөндеу жасалуда.

  • Ендігі кезекті межелі міндеттерге берелік. 2016-2020 жылдарға арналған аумақтық даму бағдарламасының іске асу жағдайы қалай болуда?
  • Аталмыш бағдарлама алты бағыттан тұрады. Олар – экономика, әлеуметтік сала, қоғамдық қауіпсіздік және құқықтық тәртіп, инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сондай ақ, жер ресурстары.

Бірінші бағыт – өңірлік экономика жергілікті бюджетке салықтық және салықтық емес түсімдердің өсуін қамтамасыз етуді қарастырады. Ол барлық міндетті төлемдерді, салық базасын толық жинау арқылы іске аспақ. Сондай-ақ, ірі және орта өнеркәсіп, энергоүнемдеуші өндіруші субьектілерге мониторинг жүргізілмек. Биылғы тоғыз айдың есебімен жергілікті бюджетке салықтық және салықтық емес түсімдерден 886,5 млрд.теңге түсіп отыр.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өнім шығарудың нақты көлем индексі 2018 жылы 103,9%-ға жоспарланса, 9 айында орындалысы 115,7%-ды құрады. Ауыл шаруашылығында өнім сапасы мен өнімділікті арттыруды субсидиялау, тұқым өсіруді, асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау, фитосанитариялық, ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту, агрохимиялық тиімділікті арттыру және техникалық жарақтандыруды реттеу көзделуде. Агроөнеркәсіп кешені субьектілерін ақпараттандыру, олар үшін мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін оңтайландыру да назарымызда. Тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестиция 2018 жылы 100,6 пайызға межеленсе, қыркүйек айындағы мәліметттер бойынша 261,8 пайызға жетті.

Шағын және орта кәсіпкерлікті ілгерілету бойынша «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы және мемлекет тарапынан көрсетілетін басқа да қолдау көрсету жолдары одан әрі жалғасын табады.  «Ұлттық индустриалдық мұнай химиялық технобағы» арнайы экономикалық аймақ аумағында жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.Жалпы көлемдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелгендер саны өткен мерзімде 104,7%-ды құрайды.

Екінші – әлеуметтік сала. Білім беру ісінде басымдық жаратылыстану-математика пәндеріне беріліп отыр. Күні бүгін қала мектептерінің 59 пайызы осы бағытта оқиды. 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті үш пайызға арттыру көзделуде. Мүмкіндігі шектеулі балаларды инклюзивтік оқыту да оң шешімін табады деп күтілуде, күні-бүгін бұл көрсеткіш 15,6 пайызға тең.

Атырау қаласында жұмыс режиміндегі екі апаттық, он үш ауысымдық орта білім беру мекемесі бар. Оның орнын толтыру мақсатында 20 мектеп салу жоспарланып отыр. Балабақшалардағы мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамту көрсеткіші 96,4% құрайды. Сонымен бірге, спорт саңлақтарын тәрбиелеудегі маңызы зор арнайы мектептерді көптеп ашу, жасанды жабындымен жабдықталған дене шынықтыру және сауықтыру кешендерін, әмбебап алаңқайларды көптеп салуға көңіл бөлінуде.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мәселесінде ерекше атап өтетіні,  әлеуметтік көмек тек қана мұқтаж адамдарға көрсетіліп, аз қамтылған еңбекке қабілетті азаматтар жұмыспен қамту шараларына ілігуде. Өзін-өзі жұмыспен қамтушы кәсіпкерлерге шағын несие беру арқылы кәсібін әрі қарай дөңгелентуіне жағдай жасалуда. Арнаулы әлеуметтік көмектер 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға, жалғыз тұратын қарттар мен мүгедектерге көрсетіліп келеді.Қазір жұмысқа орналастырылғандар үлесі 78 пайызды көрсетіп отыр.

Мәдениет және тілдерді дамыту саласында ауылдық округтерде мәдениет орталығын ашу, мемлекеттік тілді және лингвистикалық сауаттылықты дамыту, үш тұғырлы тіл саясатының жүзеге асырылуын қадағалау жұмыстары күн тәртібінде.

Қоғамдық тәртіпті нығайту бойынша үшінші бағытта көшелердегі тәртіп бұзушылықты, жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар санын азайту, жасөспірімдердің еліктеушілік салдарынан туындайтын қылмыстармен, төтенше жағдайдармен күресу, профилактикалық жұмыстар бүгінгі күннің тақырыбынан түспейді.

Төртінші – инфрақұрылым. Байланыс және коммуникация қызметінде ауылдық жерлерге пошта бөлімдерін ашу, сымсыз байланыс желісі технологиясын жетілдіру қарастырылған. Автокөлік жолдарын жөндеу және көлік инфрақұрылымын дамытуда қала мен елді мекендердегі жақсы және қанағаттанарлық жолдар үлесін арту жоспарлануда. Қала және ауылішілік жаңа маршруттар ашу мақсаты бар. Қала және қала маңындағы елді мекендерде жалпы аумағы 1670 шақырым автокөлік жолдары болса, оның 108-і – облыстық, 1562-сі – жергілікті маңыздағы жолдар. Келер жылы ұзындығы 190 шақырымға дейін 217 көшеге асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталады.

Аймақтық даму бағдарламасының бесінші бағыты – тұрғын үй-коммуналдық жүйесінің тиімділігін артттыру және жаңғырту. Жөндеуді қажет ететін кондоминиум обьектілерін анықтау үшін көппәтерлі тұрғын үйлердің техникалық жағдайына талдау жасау және күрделі жөндеу жүргізу, сумен және суды бұратын техникамен қамтамасыз ету және жылу, жарықпен қамтитын жүйелерді жөндеу жұмыстары негізгі түйткілдердің бірі. Биыл ұзындығы 71 шақырым 141 көшеге жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталуда, сондай-ақ 11 көшеге қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілмек.

Соңғы алтыншы бағыт – қаланың жер қорын тиімді пайдалану бойынша негізгі жұмыстар тізбегіне пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және мемлекет меншігіне қайтару, оларды ауыл шаруашылығына ыңғайлап, егістік және жайылымдық алқаптарды түгендеу кіреді. Бұл істерде материалдар арнайы жауапты органдарға жолданып, тиісті іс-шаралары атқарылуда.

Қаланың одан әрі жаңаруы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайының нығаюы жолындағы тиісті шараларды алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз.

  • Әңгімеңізге көп рахмет! Қаламыз көркейе берсін!

Сұхбаттасқан: Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ.