– Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры биыл үлкен атаққа ие болды. Академиялық атақ алудың өзіндік жауапкершілігі де бар. Сонымен қатар, суретшінің де еңбегі осы орайда ұшан-теңіз. Театр ұжымы еңбегінің бағалануы — аймақ үшін де үлкен абырой, зор қуаныш. Осы үлкен атаққа қалай қол жетті?  

– Дұрыс айтасыз, академиялық деген салмақты атақты кез-келген мекемеге жәй бере салмайтыны белгілі. Бұл атақ 80 жылдық тарихы бар Атырау облыстық қазақ драма театрында өткен ғасырдың сонау бірінші жартысынан бастап, Ұлы Отан соғысы кездерінен бері қарай тынбай еңбек еткен, осы театрға өнерінің табын қалдырған барлық өнер иелерінің біртұтас еңбегі, солардың армандап кеткен өнер биігінің жеңісі, жемісінің нәтижесі деп қарауға болады. Ойлап қараңыз, ондаған еңбек сіңірген әртістерді есептемегенде төрт бірдей халық әртісі бір мезгілде қызмет еткен, солардың бірегейі театрды 40 жылға жуық басқарған әрі басшы, әрі режиссер, актер Қуат Төлеков сияқты сол кездегі біртуар сахна саңлақтарының қай-қайсысының да еңбектері ұлан-ғайыр болғаны сөзсіз.

Соңғы жылдары Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен театрымыздың бірнеше атаулы фестивальдер өткізуі, шет елдерге гастрольдерге шығуы, халықаралық фестивальдерге қатысуы – бәрі де театрдың өсуі, өркендеуіне, тәжірибе жинап шыңдалуына үлкен септігін тигізді.  Келесі мәселе, академиялық статус алғаннан кейінгі театрдың алдына қойылатын басты талап – жауапкершілік мәселесін өте орынды қозғап отырсыз. Алдағы уақытта репертуардағы қойылымдардың салмақтылығына баса назар аудару, театр фестивальдеріне тұрақты қатысып, өз дәрежесін қорғап, дәлелдеп отыру, актерлердің біліктілігін көтеріп үнемі түрлі оқуларға жіберу сияқты жауапкершілікпен бірге, шығармашылық өнер адамдарына моральдық, материалдық қолдау қатар көрсетіліп отырылуы өнер адамына ауадай қажет-ақ. Бұл жерде, басты жауапкершілікті тек еңбек тәртібі мәселесімен біржақты қарауға да болмайтын шығар, ең алдымен осы ауқымды «академиялық» деген атаққа лайықты барлық техникалық, шығармашылық қызметкерлердің жалақы, еңбекақыларын көтеру мәселесі оң шешімін тапса деген көптің тілегі бар. Жоғарыда айтып кеткенімдей,  бүгінгі күні театр репертуарының басты қойылымдарында күн-түн демей қызмет қылып жүрген дарынды актерлеріміз жетерлік, режиссерлер мен суретшілерімізде баршылық. Соларды лайықты дәрежеде еңбектеріне қарай  елеп, даралап, атақ-дәрежеге ұcынып, уақытында алып берудің өзі жауапкершілікті одан әрі арттыра түсері сөзсіз. Бұл мәселені шығармашылық өнер адамдарының өздері ұсынбайтыны, шешпейтіні белгілі, бұл – көркемдік кеңес болып, басшылық орындар бірлесе қолға алса шешімі табылатын алдағы күннің еншісіндегі жұмыстар.

  – Темірбек Мәжитұлы, шетелдерде өнер көрсеткен кезде Сіз жасаған декорацияға көрерменнің, шетелдердегі өз әріптестеріңіздің көзқарастары қандай болды? Қай елдерде, қандай спектакль Сіздің ойыңыздан шықты?

– Шетелдерге апарылған қай-қай спектакльдеріміз де өте сәтті қойылды. Соның ішінде Москваның Модерн театрында сахналанған Г. Пряхиннің «Тергеу» қойылымын, Керчь пен Македонияға апарылған Еврипидтің «Медея» қойылымдарын батыл атауға болады. «Тергеу» қойылымындағы ұзындығы 3 метрлік жалюздерді самолеттің жүк тиеу ережесіне сай екіге бөліп, оларды сол күйінде мүлткісіз қайта жинап, сахнада ақ пен қара, Сталин мен Хрущев болып алмасатындай жинап-құрдық. Бұның өзі өте күрделі де қиын еңбек. Қойылымды тұтас сахнадан көргеннен кейін ресейлік әріптестеріміз үлкен әсер алғандарын айтып, риза болып қол қысты. Македонияға ұсақ реквизиттерден басқа декорациялардың бірде-бірін апарған жоқпыз, барлығын сол жақтағы фестиваль ұйымдастырушы тарап өздері көтеріп алып, сол жақтағы әріптестеріміз біздің жіберген эскиздеріміз бен өлшемдерімізге сай дәлме-дәл жасап берді. Бұл жерде де екі жақты кәсіби деңгейде келісімге келіп, байланыс орнатуымыздың оң нәтиже бергендігін атап өткім келеді. Қырымдағы ежелгі Пантикапей төбешігіндегі ашық аспанда өткен «Медея» қойылымы да, Түркияның Афшин, Малатья қалаларында қойылған «Баянды бақ» қойылымдары да жоғары дәрежеде өнер көрсетті. Біздің шығармашылық топ барлық жерде де қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалана білді. Мені қуантқаны актерлеріміз кәсіби тұрғыда шынайылықты да, салмақтылық пен салқынқандылықты да таныта білді. Шетелдердегі біраз театрлардың өнерін тамашалай жүріп, солардың ішінде Атырау театрының да осал театр еместігіне көз жеткіздім.

  – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында театрда өте көп жұмыстар жүргені айқын. Көріністерді қазақ этникасына жақын жасауда қандай жаңалықтар енгіздіңіз?  Декорацияға адамдардың таңырқай қарап, өз ұлтының ұмытылған салт-дәстүрін санасында қайта жаңғыртуы үшін қандай қадамдарға бардыңыз?

  – Бұл сұрағыңыз есіме әп дегеннен Рахымжан Отарбаевтың «Бас» қойылымының сценографиясын еріксіз түсіріп отыр. Айнала мөлдір  (прозрачный) целлофан пленкаларға басылған нольдер мен бірліктер жиынтығын құрайтын кодтық сандар, самсаған тарихи таңбалар, петроглифтерді түзейді. Ол одан әрі, өмірдің өзін ойын алаңы ретінде волейбол қондырғысында жалғасын табады. Осы тұрғыда қойылым – Махамбеттің басын ғана іздеп қоймай, көпшілікке жоғалған баспен бірге рухын да табуға, бет-бейнесін ғана емес, жадын да қалпына келтіруге «дабыл» қағады. Тарих сыры – сандар мен таңбалар, өмір сыры – сезімдер мен ойлар. «Адамның басы –Алланың добы» дегенге саятын үлкен пәләпалық бұл туынды 2015 жылы «Р.Отарбаевтың халықаралық театр фестивалінде», 2017 жылы Астана халқы мен қонақтарына «Экспо-2017» Халықаралық көрмесінде көрсетілді. Бұл қойылымда тек бір адамның ғана емес, сегіз бірдей массовканың басы сарт еткен гильотина үнімен жерге шашылып түсіп домалай жөнелгенде көрермендер тек таңырқап қарап қана қойған жоқ, демдерін ішіне алып, шошынғаннан дене құйқасы шымырлап, орындарында отыра алмағандарын жарыса жазған болатын. Міне, бұл айтылар ойдың нысанаға дәл тигендігі, шешімінің нақты табылғандығын көрсетеді. «Неге бірнеше бас?» деген сұрақ туындауы мүмкін, «пьесада тек ғана Махамбеттің басы емес пе еді?» деген сияқты. Сол кездегі Махамбеттің басынан айырылғаны, біртұтас халықтың бассыз қалғанымен бірдей болатын. Бұл пьесадан бөлек, «Бас» романын оқығаннан кейінгі туындаған шешімдер болатын.

  – Тың көзқарас, жаңаша идея сахнада көрініс табуы үшін суретші шығармашылықпен жұмыс жасай отырып, жаңашылдықты, тың идеяны қалт жібермеуі тиіс. Осы орайда ұстаздарыңыз кімдер?

– Бұрыннан айтып жүргенімдей, институт қабырғасында жүргенде, осы сурет өнеріндегі реалистік бағыт пен абстракциялық ұғымның айырмашылығын, ара жігін ашып түсіндіріп, үйреткен ұстазым марқұм Сейтимов Айбар Ғалымұлы болатын. Шынымен, ойдың негізіне сүйеніп құрылған композициялар, жазылған картиналар адам жанына әсерін көбірек тигізетіні содан болуы керек. Суреттерде нақты пішіннің анық, айқын болмағанымен түс арқылы, бір ғана сызық арқылы адам жанын он орап алатын бүгінгі күнгі батыл постмодернистік бағыттардың қай-қайысы да тірі әрі өміршең екендігін танытты, мойындатты. Сондықтан да бұл бағыттар жөнінде тек суретшілер мен режиссерлер ғана емес, актерлер де көрермен бауырларымыз да «әлеуметтік желі» деп аталатын өмір ұстаздарынан толыққанды түсінік, дәріс алып өз-өздерін үнемі жетілдіріп отырғандары абзал. Бүгінгідей жылдам әрі инновациялық өзгеріске тез ұшырап, алмасып жатқан заманда  ағымға ілесіп, көштен шығып қалмай, «Толқыннан толқын туады,толқынды толқын қуады»  деп Мағжан жырға қосқандай бір саптан табылып еңбек ету – өмір талабы. «Күйеуліктен жиенге ауыстық» дегендей, бүгінде бірнеше ондықты арытқа тастап шығармашылық багажымыз толысып, тәжірибе қатталып, айтар ойымыз қалыптасқан өзіміз де ұстаздар қатарында жүргеніміз рас. Жалтақтап далаға қарағаннан бұрын, өз ойымызды кесіп, көркемдеп, толыстырып көпшілікке ұсынып жүргеніміздің өзі – сол шығармашылық ізденістің арқасы ғой деп ойлаймын.

  – Сұхбатыңызға көп рахмет! Айтылар ойлар, ұсыныстар әрине көп, дегенмен, «біраз мәселенің басын қайырдық» деп ойлаймын.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА