Халқымыздың көнеден келе жатқан құндылықтарының бірі – қолөнері. Қазірде  сол ұлттық өнеріміз қайтадан жаңғырып, дамып келеді. Өңірде көнеден қалған өнер түрін жоймай, жалғастырып келетін адамдар баршылық. Солардың бірі – қолөнерші Талғат Жұмалиев.

   Талғат Жұмалиев – ағаш шебері. Оған бұл кәсіп әке қанымен берілген. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «суретші-педагог» мамандығына білім ала жүріп, қосалқы еңбекке араласқан студент жігіт әкесінің ағаш шеберханасында оған көмекші болды.. Жоғары білім алған соң Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің Құрманғазы ауданына қарасты бөлімшесінде еңбек етті. Кейін жеке кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Алтын сандық» қолөнер шеберханасын ашты.

«Шебердің қолы ортақ» демекші, бүгінде Талғат халқымыздың ежелгі тұрмыс- салтында жиі пайдаланылған – астау, ожау, кесе, тегене, күбі, сандық, хан тағы сияқты көз жауын алар ағаш бұйымдарын өзіндік нақыша жасауға машықтанған жан. Осынау тамаша өнер түрімен айналысатын адамның бойында өнерді түсінетін қасиет, ұшқыр қиял, асқан шыдамдылық пен қажырлы еңбекті, табандылықты талап керек екендігі белгілі. Осы қасиеттерді бойына дарытқан Талғаттың шебер қолынан шыққан дүниелері аудандық, облыстық көрмелерге қатыстырылып, талай мақтау-мадақтауларға ие болды.

Қолөнер шебері 2015 жылы «Халық өнері – асыл қазына» атты қолөнер шеберлерінің облыстық сайысында бас жүлдені иеленеді. Ал, Талғаттың ең ірі жеңісі – туындыларының Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі төрінде орын алуы.

«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, Талғат Жұмалиев бүгінде өзінің шеберлік өнерімен  ұстаздық еңбекті де қатар алып жүр. Былтыр қыркүйек айынан бастап Құрманғазы аудандық  агротехникалық колледжінде 10 айлық курс ашып, өзінің ізінен ерер қолөнерге талапты шәкірттерді тәрбиелеуде. Оның ендігі арманы – үлкен өндірістік шеберхана ашып, өзі оқытқан болашақ мамандарды жұмыспен қамтамасыз ету.

Нұргүл ҚАЛИМОЛДА.