Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Атырау облысының мәдениет күндері өткен болатын.

Мәдениет күндерінің ашылу салтанатында сөз алған Атырау облысы әкімінің орынбасары Ә.И.Нәутиев облыс әкімі Н.А.Ноғаевтың атынан құттықтау сөзін жеткізе отырып:

  • Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласына сәйкес, Атырау облысының мәдениет күндерінің ашылу салтанатын өлке тарихынан сыр шертетін көрмемен, күй керуенімен бастауды жөн көрдік. Өйткені, Атырау –  күйдің де мекені. Бір аптаға жуық уақыт бойы атыраулықтар Астана тұрғындары мен қонақтарын тамаша сазды кештер мен көрмелерді тамашалауға шақырады, – деп салтанатты шара шымылдығын ашты.

Алғашқы болып Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық ұлт-аспаптар оркестрі өз өнерін көрсетіп, «Күй керуен» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.

 

Өңір жәдігерлері – астаналықтар көзімен

 Өлке тарихының қойнауынан сыр шертетін көрмеге Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражай қорынан 800-ге жуық жәдігер әкелінді. Күйші анамыз Дина Нұрпейісованың күміс белбеуі, баһадүр батырларымыз Исатай мен Махамбеттің қайрақ тастары және қазақтың қанатты қызы Хиуаз Доспанованың соғыста қолданған бұйымдары, елімізге танымал әдебиет және өнер қайраткерлерінің домбыралары көрме көркін келтірді. Ал,  облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік  өнер музейі  астаналық тұрғындарға арнап, қылқалам шеберлерінің отызға жуық туындысын назарларына ұсынды. Сондай-ақ, облыстық кітапханалардың бұрышы жасақталып, елімізге белгілі қаламгерлердің көрнекті еңбектері қойылды.

Өнерпаздар – ЭКСПО төрінде

ЭКСПО кешені аумағындағы амфитеатр сахнасында «Атырау айшықтары» гала-концерті жоғары деңгейде өтті. Өңір өнерпаздары ЭКСПО -2017 көрмесіне арнап айрықша сый жасады. Ақын Әлия Дәулетбаеваның сөзіне жазылған Бақытбек Сартбаевтың «ЭКСПО» әні Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншілері Мария Нұғмарова, Перизат Қайырбаева және Айгүл Нұрғожиннің орындауында тұңғыш рет естілсе де, елорда халқының жүрегінен орын тауып, тебірентпей қоймады.

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Ханзада Сақыпова мен халықаралық байқаулардың лауреаты Назым Шаймарданова, Хамиль Сүйекбаев, Ақмарал Машимова, Әсет Әлиев, Венера Машқалиева, Байбақты Ідірбай, Жанаргүл Сәркенова, Медет Қарамырза және басқа да өнерпаздар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Мың бұралған бишілер де осы арадан табыла білді. «Жем аруы», «Махамбет» би топтарының өнері көрерменнің ду қол шапалағына ие болды.  Эстрада жұлдыздарының өнер көрсетуін асыға күткен жұрт Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сембек Жұмағалиев, «Заман» тобы мен Бейбіт Көшқалиевтің де өнеріне тәнті болды. «Нарын» ұлт-аспаптар оркестрінің сазды бағдарламасы «Бәйтерек» монументі алаңында сахналанса, Махамбет атындағы қазақ драма театры ұжымының «Жастар» театрында қойған Иран Ғайыптың «Сүйінбай» драмасы көрерменнің көңілінен шықты.

 

Этноауыл – дәстүр көрінісі

 

Мәдениет күндері аясындағы кезекті шара этноауылда жалғасын тапты. Атыраулық қолөнер шеберлерінің туындыларынан жасақталған көрме киіз үй төріне қойылды. Соның ішінде жиырмадай қолөнершінің еңбегі, атап айтсақ, Жанар Қарабалинаның шиден тоқыған бұйымдары, Алтын Ғабдулинаның бисермен кестеленген жұмыстары, құрманғазылық Надя Жамелованың бала кезінен өз анасынан үйреніп, тоқыған алашалары астаналық тұрғындарға, көрме қонақтарына ұсынылды.

Ал, бұйымдарды Астана төріне әкелген Жайлау Таласов, Камила Жапалова, Қайрат Шапабаев, Айзада Кененова сынды шеберлердің ұлттық нақыштағы жасаған бұйымдарына халық қызығушылық танытып, сатылым арқылы өз иелерін тапты.

Этноауылдағы шаралар легін Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ ұлт-аспаптар оркестрі жалғастырып, Құрманғазының «Серпер», «Адай», «Сарыарқа», Динаның «16 жыл», «Әсем қоңыр»,  Е.Үсеновтің «Шақшақ Жәнібек», Т.Әліпбаевтың «Әбіш таған», Ықыластың «Жез киік», Н.Тілендиевтің «Махамбет», «Өз елім» секілді күйлері елордалық және  шетелдік көрерменді бір серпілтіп тастады.

Сондай-ақ, «Айсұлу» сән үйінің, Маржан Маршалл топтамаларының дефиллесі ұйымдастырылып, облыстық халық шығармашылығы орталығы мен Құрманғазы, Индер, Мақат аудандарының өнерпаздары көрсеткен өнері көрерменді бей-жай қалдырмады.

М.Горький атындағы орыс театрында М.Отарбаевтың «Баянды бақ» драмасын Махамбет атындағы облыстық драма театрдың әртістері сахналап, кейін қалалық алаңда эстрадалық оркестрдің сазды бағдарламасы ұсынылды.

Бес күнге созылған ауқымды шара «Қазанат» ипподромында өтіп, мұнайлы астанамыз – Атыраудың мәдени апталығы әр аймақтың атбегілері әкелген бас-аяғы 113 сәйгүліктің дүбірі естілген додамен аяқталды.

 

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,

Атырау облысы.