Дәулет Рысқұлбекұлы Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. 1992 жылы М.В.Захаров атындағы Рязань жоғары әскери командалық байланыс училищесін бітірген. 1992 – 1998 жылдары Қапшағай қаласында орналасқан ҚР Қарулы Күштерінің №35 дербес гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасы жанындағы байланыс ротасының командирі, батальонның штаб бастығы, командирі қызметтерін атқарды.

 2000 – 2013 жылдары №35 дербес гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің тыл жөніндегі орынбасарының көмекшісі – ұйымдастыру-жоспарлау бөлімшесінің бастығы, бригада командирінің орынбасары, Талдықорған қаласындағы №37 дербес десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің орынбасары – штаб бастығы, Астана қаласындағы №36 дербес десанттық-шабуылдау бригадасының командирі, аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының әскери дайындық жөніндегі орынбасары, қолбасшының бірінші орынбасары – штаб бастығы.

 2011 жылдың мамырында Президент Жарлығымен Дәулет Оспановқа генерал-майор жоғары әскери шені берілді. 2015 жылдан бастап Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Қарулы Күштері «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы лауазымына тағайындалды.

– Дәулет Рысқұлбекұлы, осыдан ширек ғасыр бұрын Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Бұл 1992 жылғы мамыр айының 7-жұлдызы болатын. Содан бері, бұл – Отан қорғаушылар күні ретінде атап өтіліп келеді. Мерейлі мереке қарсаңында Мемлекет басшысы – Бас қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлының қолынан II дәрежелі «Даңқ» орденін алдыңыз. Марапатыңыз құтты болсын!

– Рақмет! Бұл марапат тек маған ғана емес, еліміздің батыс өңіріне қалқан, әрі бейбіт өмірдің қырағы сақшысы болып жүрген сардарлар мен сарбаздардың еңбегіне берілген баға деп түсінемін. Марапат бізге үлкен жауапкершілік пен міндеттер жүктейді.

 – Әңгімемізді өзіңіз басшылық жасайтын құраманың құрылу, қалыптасу тарихынан бастасақ?

– «Батыс» өңірлік қолбасшылығы – Қазақстан Республикасы Жаяу әскерлеріне қарасты құрылымдардың ішіндегі ең жасы. Нақтысын айтқанда, Мемлекет басшысының 2000 жылдың 10 ақпанындағы Жарлығына сәйкес ұйымдастырылды. Басты мақсат – еліміздің батыс аймағындағы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарының аумағында мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету. Мұндай қажеттілік Елбасының стратегиялық маңыздылыққа ие батыс шептерін қорғаумен байланысты қойған талаптарынан туындады. Өңірдегі саяси-әскери және әлеуметтік-экономикалық ахуалдың өзгеруі салдарынан пайда болатын қауіп-қатерлерге қарсы шұғыл және лайықты әрекет етуге қауқарлы, ұтқырлығы жоғары әскери жасақты қалыптастыру басты назарда болды.

Өңірлік қолбасшылық 2005 жылы көршілес Ақтөбеден Атырау шаһарына көшірілді. Бұл Қорғаныс министрінің 2005 жылғы 18 мамырдағы ұйғарымымен жүзеге асырылды. Сөйтіп, сол жылдың маусым айында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының Атыраудағы басқармасы ғимаратының тұсауы кесілді.

Салтанатты рәсімге еліміздің Тұңғыш Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Сонда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы өңірлік қолбасшылықтың негізгі міндеттеріне тұтастай елімізде, соның ішінде, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде мемлекеттік шекарасының бүтіндігін, аумақтық тұтастығын, егемендігі мен экономикалық мүдделерін қорғау кіретіндігін атап өтті. Маңғыстау облысының орталығы – Ақтау қаласында орналасқан теңіз жаяу әскері бөлімі – өңірлік қолбасшылықтың құрамындағы ең бір екпінді және ерекше күш.

– Енді өңірлік қолбасшылықтың, оның құрамындағы әскери бөлімдердің жетістіктерімен бөліссеңіз.

– «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарайтын құрамалардың бәрі де басшылықтың тарапынан берілген тапсырмаларды толықтай орындауға жұмылдырылып отыр. Осыншама қысқа мерзімде елдің сенімі мен құрметін иеленіп, абырой мен бедел биігінен көріне білдік.

Қандай әскери жасақты да шынықтырып, ширықтырудың, соғыс жағдайындағы ұрыс қимылдарына дағдыландырудың бірден-бір тәсілі – жоспарлы түрде оқу-жаттығуларын өткізу. Құрылған уақытынан бері Батыс әскери округіне қарасты бөлімдер «Әлем теңізі – 2002», «Батыс – 2003», «Жетісу – 2004», «Шеп – 2006», «Өзара іс-қимыл – 2009», тағы басқа атаулармен ұйымдастырылған шараларда дайындық деңгейінің жоғары екенін байқатты.

Солардың арасынан әсіресе, «Бейбітшілік миссиясы – 2010» және «Орталық – 2011» деп аталған, ҚР Қарулы Күштері Жаяу әскерлері басқармалары мен бөлімдерінің даярлықтарын сынға салған оқу-жаттығулары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бекітілген жоспарға сәйкес, дербес барлау полктерін қалыптастырумен байланысты соңғы төрт жыл қатарынан өткізілген «Қаратау» оқу-жаттығу шаралары да әскери құрамалардың ширығып, шынығуына, кәсіби шеберлігін жетілдіруіне оң әсерін тигізді. Бұлардан бөлек, ТМД елдері кеңістігінде өткізілетін оқу-жаттығулары барысында да сарбаздарымыз әскери дайындықтың жоғары деңгейін көрсетіп жүргенін атап кеткен жөн.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының өзінің қазіргі атауын иеленуі де мен үшін ұмытылмас оқиғалардың бірінен саналады. Өйткені, Президент Жарлығымен бекітілген бұл атаудың берілуі бұрынғы Батыс әскери округінің таратылуымен байланысты 2003 жылдың 7 мамырында, яғни, Отан қорғаушылар күніне сәйкес келген-ді. Ал, бір жылдан соң біздің әскери бөлімдердің қатысуымен алғаш рет «Жас ұлан» атты әскери-патриоттық әндердің аймақтық байқауы ұйымдастырылды. Аталмыш додаға мерзімді қызметке қабылданған қатардағы сарбаздардан бастап жоғары шенді офицерлерге дейін қатысып, өнерлерін ортаға салғаны жадымызда жаттаулы.

Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихында тұңғыш рет, 2005 жылғы 9 мамырда ел ордасы – Астананың орталық алаңында Ақтаудағы теңіз жаяу әскері батальонының (№25744 әскери бөлімі) жеке құрамы Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерейтойы құрметіндегі әскери шеруге қатысып, жетістіктерін дүйім жұртқа паш етті. Арада бес жыл өткенде, тағы да біздің құрлықтағы теңізшілеріміз егемен еліміздің Ата Заңы – ҚР Конституциясының 15 жылдығына арналған әскери шеруде сап түзеп, мерейімізді асырып, мәртебемізді биіктетті.

Атырау қаласындағы №51051 әскери бөлімнің аумағында ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының қатысуымен аймақтық әскери-патриоттық форум өткізілді. Сол жылдың 7 мамырында Гвардейский қалашығындағы (Жамбыл облысы) «Матыбұлақ» оқу полигонында, сондай–ақ, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне еліміздің бас шаһарында өткен Қарулы Күштер құрамаларының шеруінде теңіз жаяу әскері бригадасының жеке құрамы қатысып, тағы бір мәрте айбынымызды асқақтатты. Анығын айтсам, егемен ел, тәуелсіз мемлекеттің қуатты да сенімді қалқаны саналатын әскеріміз құрылғалы бергі ширек ғасырда шарболаттай ширығып, соғыс жағдайында кез келген қауіпті жауға қарсы тұрып, тойтарыс беретіндей жағдайға жеткені ақиқат.

– Қарулы күштердегі ахуалдың тұрақтылығы, жүктелген міндеттердің мүлтіксіз орындалуы әскерилердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына, көңіл-күйіне байланысты екендігі даусыз. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

– Бірінші кезекте, мерзімді қызметтегі сарбаздардың бос уақытын тиімді өткізуге көңіл бөлінеді. Нақтыласам, олар аптаның сенбі-жексенбі күндерінде музейлерде болып, түрлі тақырыптағы көрмелерді тамашалайды, кинотеатрларға барып, қызықты фильмдерді көреді. Мерекелік шараларға, қайырымдылық акцияларына қатысады. Қарттар мен жалғызілікті жандарға қолұшын беріп, жетім балаларға жәрдемдеседі.

Әскери қызметшілердің отбасылары үшін концерттік бағдарламалар, офицерлік баллдар ұйымдастырады. Сонымен қатар, әскери бөлімдерде қала жастары мен саптағы сарбаздардың ата-аналары үшін «Ашық есік» күндерін өткізу де берік дәстүрге енген.

Әскерилердің әлеуметтік мәселелерін шешуге, әсіресе, баспанамен қамту жайына баса назар аударылуда. Мысал келтірсем, 2003 жылдың қараша айында Ақтау қаласында 69 пәтерлік көпқабатты үй пайдалануға берілді. Бұл әрине, осындағы №25744 әскери бөлімнің офицерлері мен сержанттарының өміріндегі қуанышты оқиға ретінде есте қалды. 2006 жылдың сәуірінде Атырау гарнизонына қарасты әскери қызметшілерге мұнайлы астанадан үш көпқабатты үйдің пәтер кілттері тапсырылды.

 – «Генерал болуды армандамаған сарбаз – сарбаз емес» деген қанатты сөз бар. Қолбасшыға қандай қасиеттер тән болуы тиіс?

– Ең әуелі көп оқу, тынымсыз ізденіс керек. Жалпы бұл кім-кімге де қажетті нәрсе деп есептеймін. Алған білім – білігіңді үнемі толықтырып, жетілдіріп, кәсіби шеберлігіңді шыңдап отыруың, өзіңе де, өзгеге де сондай талап қоя білуің шарт. Тек сонда ғана алдыңа қойған арман-мақсатыңа жетерің хақ. Мақтанғаным емес, өзім кітапты, соның ішінде, әскери тақырыптағы, соғыс өнері жайлы жазылған әдебиеттерді көп оқимын. Мерзімді басылымдар материалдарына да назар аударып отырамын. Жалпы басшылық қызметті атқару, әсіресе, қолбасшы болу – оңай іс емес. Мұнда өзгелер өнеге алу үшін алдымен өзің үлгі көрсете білуің керек. Ал, оның өзі өзіңді ұстауыңнан, жүріс-тұрысыңнан, қызметтестеріңмен арадағы қарым-қатынасыңнан, жасы үлкен адамдарды сыйлап, құрметтей білуіңнен, басқа да адамгершілік қасиеттеріңнен айрықша аңғарылып тұрғаны абзал.

– Дәулет Рысқұлбекұлы, ашық та әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет. Кәсіби мерекеңіз құтты болсын. Азат елдің айбыны – Қарулы Күштеріміздің даңқы асқақтап, арта берсін!

 

Дәулетқали АРУЕВ,

Атырау қаласы