«Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр».

Н.НАЗАРБАЕВ.

Ұлтымыздың рухани қажетіне қызмет етер болашақ жастарды кемеліне жеткізіп, келешегін ойлар кезеңге ұмтылдыру, бәсекеге қабілетті құзіретті тұлға қалыптастыру – заман талабы.

Осы орайда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігімен бірге уығын шаншып, керегесін керіп, шаңырағын биіктеткен дарынды балаларға арналған облыстық ұлттық гимназияның да үлесі зор.

1990-91 оқу жылы республика көлемінде тұңғыш ашылған гимназия – бүгінде 25-ші түлектерінің қанатын қомдап, білім қиясына ұшырған ұлағатты орда.

Ұлттың мектепсіз болмайтынын, мектеп өз ұлтының мәдениетіне сүйенбей, ұлтжанды адамды тәрбиелей алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеп берді. Ұлтына деген құрмет пен мақтаныш сезімін бойына сіңірген, ұлттық игіліктердің төл үлгілерін: ана тілі мен әдебиетін, тарихын тануға ұмтылған ұрпағына шуағын шашып, қамқорға толы жылы құшағын айқара ашқан ұлттық гимназия ұжымы дарынды шәкірттерді тәрбиелеп, облыс, республика көлемінде танытып келеді.

Облыстық ұлттық дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар гимназия 1999-2000 жылдары қабілетті балаларға арналған облыстық ұлттық гимназия, ал 2001 жылдан бастап республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығына қарайтын мектептер жүйесіне қосылды.

Ел тәуелсіздігін алған шақта мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – төл бағдарламамыз бойынша білім беретін ұлттық білім ордаларын құру еді. Осындай мақсатта біз Атырау облысында алғашқы болып қабілетті балаларға арналған эксперименттік мектеп-интернат негізін салдық. Бір кездері жасалған осы батылдық өз жемісін беруде. Білім ордасы құрылған осы жылдар ішінде қыруар жұмыстар атқарылды. Гимназиядан қанаттанып ұшқан түлектер облыста ғана емес, республиканың жоғары оқу орындарында, ірі өндіріс, басшылық саласында ғылыми дәрежелер, атақтар, биік лауазымдармен еңбек етуде. Бұл күнде гимназия түлектері арасынан екі ғылым докторы, 15 ғылым кандидаты шықты.

_amt7594

Бүгінгі таңда гимназияда бір Педагогика ғылымдар академиясының академигі, үш кандидат-доцент, жоғары санатты 19 мұғалім, бірінші санатты 8 ұстаз дәріс берсе, белсенді де жаңашыл жас ұстаздар легі де уақыт санап артып келеді. Екі мұғалім Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің, бір ұстаз «ҚР Білім беру ісінің үздігі», үшеуі «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және үшеуі «Үздік педагог» төсбелгісінің иегерлері. Әрбір мектеп білікті ұстаздарымен, білімге ынталы шәкірттерімен қадірлі демекші, қазір оқу ордасында жоғары санатты пән мұғалімдері: С.Рамазанов, Е.Мұқанов, Г.Нұрғожина, К.Исағалиева, Г.Оралова, П.Иманғалиева, Б.Тәжіғалиева, А.Жұмабаева, Г.Ибрагимова, Г.Жұқабаева, А.Сапиева, Г.Мұқашева, Г.Бисенғалиева, Э.Қуандықова, Н.Аққайнанова, Э.Бекмамбетова, А.Зұлқашева, А.Таженова, А.Дармуканова, бірінші санатты О.Нұғыманова, Қ.Қостаева, С.Кулахметова сынды өз ісін жетік меңгерген білікті мамандар жемісті еңбек етіп келеді.

Гимназияның оқыту бағытындағы ерекшелігіне сәйкес оқу жоспары екі бағытта – гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша жүргізіледі. Аталған бағыттардың жекелеген пәндер бойынша жүргізілетін арнаулы курстарға қосымша 4 сағат уақыт бөлінген. Бұл курстардың басты мақсаты – балаларға әдебиет, физика, математика, химия ғылымдары бойынша терең де тиянақты білім беріп, олардың осы пәндер бойынша олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарына қатынасуына және болашақта осы саладағы мамандықтарды таңдауына негіз қалау. Гимназияда соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған 15 пәндік кабинет бар.

Ал, ұстаздарымыз жыл сайын өз пәндері бойынша «Өрлеу» БАО-да біліктіліктерін арттырып, білім саласындағы озық тәжірибелермен танысып, әдістемелік шеберліктерін шыңдап отырады.

Заман талабына сай игі жобаның бірі – «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ мен Кембридж университетімен әзірленген ҚР педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарынан мектебімізден тоғыз мұғалім біліктіліктерін арттырып, сертификат иегерлері атанды. Қазір олардың басшылық етуімен гимназия мұғалімдері оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдерді еркін меңгеріп, сабақтарында қолданып жүр.

Ұстаздардың жаңа педагогикалық технологиялар мен психологиялық тәжірибелерді негізге ала отырып, білім алушылармен жұмыс жасау бағыты жоғары деңгейде. Гимназияда пән ерекшелігіне байланысты әр түрлі технологияларды пайдаланып жүрген мұғалімдер де баршылық. Олар өз сабақтарында оқушының мүмкіндік қабілетін, қызығушылығын дамытуда деңгейлеп оқыту технологиясын, оқытудың интерактивті әдістері, пікірсайыс әдісін, дөңгелек үстел, іскерлік, рөлдік ойындарды пайдалану арқылы модульдік оқыту технологиясын тиімді пайдаланады. Үш өлшемді оқыту, дамыта оқыту және сатылай кешенді оқыту технологияларын тиімді пайдалану да өз нәтижесін беруде.

Оқытудың ақпараттық технологиялары компьютерді, ғаламторды еркін меңгеру арқылы оқушылар шығармашылығын шыңдап жүрген мұғалімдер де аз емес. «On-line» бағытында облыс, республика көлеміндегі интерактивті сабақтарды көріп қана қоймай, тарих, физика, биология, химия, ағылшын тілі, география пәндері бойынша On-line сабақтарды өткізіп жүр. Гимназияда барлық сынып кабинеттері локальды интернет жүйесіне қосылған, ондағы материалды сабақтарда еркін пайдаланып, интернет олимпиадаларға қатысып отырады.

Жаңа педагогикалық технологиялардың ғылыми-теориялық мазмұны оқушылардың білімдерін жетілдіріп қана қоймай, оқу-тәрбие үрдісінің тиімділігін арттырады, білікті шығармашыл, белсенді шәкірттер тәрбиелеуге септігін тигізеді.

Білім берудің сапасын арттыру, шәкірттердің шығармашылық қабілетін дамыту ең алдымен мұғалімге, оның білімі мен іскерлігіне, ізденісі мен шеберлігіне байланысты. Сондықтан, гимназия тәжірибесінде мұғалімнің шеберлігін, білімін шыңдап отыру алғы кезекке қойылған. Ұстаздардың 80 пайызы әртүрлі облыстық, республикалық сайыстар мен байқауларға қатысып жүлдегер болғандар.

Ұстаз еңбегі өзінің және шәкірттерінің жетістіктерімен өлшенері сөзсіз. «Ұстаз – ұлы мамандық тарланы, дарынды шәкірттің жолын ашу – арманы» десек, республикалық сайыстарда жүзден жүйрік танылып жүрген ұстаздар көші «Инновациялық педагогикалық идеялар» жөніндегі ІҮ республикалық фестивальда «Ең таңдаулы директор» номинациясының жеңімпазы Нұрлыбек Даумовтан басталып, «Дарын» орталығы ұйымдастырған «Инновациялық педагогикалық идеялар жобалары» жөніндегі ІІ республикалық фестивальда «Ең үздік баяндамашы» аталымы бойынша жүлдегер Рамазанов Сағынғали, республикалық «Әуезовтанушы ұстаз» байқауының жеңімпазы Мұқашева Гүлмира, «Жүзден-жүйрік» байқауының жеңімпазы Сапиева Айжан, «Алтын диск» байқауы жүлдегері Бисенғалиева Гүлфайруз, республикалық «Дарын» орталығы ұйымдастырған «Инновациялық педагогикалық идеялар жобалары» фестивалінің жеңімпазы Тәжіғалиева Бақыт, «Үздік авторлық бағдарлама» иегерлері Аққайнанова Нұргүл, Қуандықова Эльмира, Зұлқашева Айзаданың тәжірибелерімен жалғасуда.

Білім және ғылым министрлігі тағайындаған «Үздік педагог» атақтарын әр жылдары биология пәнінің мұғалімі Нұрлыбек Даумов, химия пәні мұғалімі Тәжіғалиева Бақыт, география пәні мұғалімі Аққайнанова Нұргүлдің жетістіктерінің өзі – ұстаздық еңбектің биік шыңына жете білуде талмай ізденістің нәтижесі екені сөзсіз.

«Шәкірттің жақсы болмағы – ұстазынан», «Қыран түлегіне қайырылмас қанат сыйлайды, ұстаз түлегіне алға бастар талап сыйлайды», «Білім ауысады, ырыс жұғысады» демекші, мектеп бітірген шәкірттеріміз алған білімдерін жоғары оқу орындарында, «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде оқып жалғастыруда. Шәкірттеріміз Қанатбаев Мақсым (Норвегия), Тастанбеков Ернар (Англия), Қасымова Жанна, Демеуов Нұралхан, Сарсемалиев Санжар, Балмұханов Мұхтар (ҚХР), Демеуова Айгерім (Канада), Ибатуллаева Айдана (Чехия), Ахмет Іңкәр (Малайзия), Ақбалаев Амангелді, Серіков Әділет, Исмағамбетова Айшолпан, Қоныс Ерқанат, Нағашыбаев Руслан, Төлеков Қазбек (Ресей) жерінде, Баксиков Бауыржан, Ғалымжан Төремұрат, Әртемов Нұрбек, Ұзаққалиев  Әли-ар, Жумагулов Аян атты оқушыларымыз шетелдерде білім алуда.

_eac0290

XXI ғасыр азаматы жаңа заман талабына сай жан-жақты білімді, адамгершілігі жоғары «жеке тұлға» болып қалыптасуы тиіс. Сондықтан, әрбір білім алушыны жеке тұлға деп қабылдай отырып, оның бойындағы дарыны мен қабілетін аша білудегі мұғалімдер еңбегі шәкірттерінің қол жеткізген жетістіктерінен көрінуде. Ұстаз еңбегі шәкіртінің білімімен, өнерімен бағаланады десек, біздің оқушыларымыз халықаралық, облыс, республика көлеміндегі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Соңғы үш жылда 52 оқушымыз облыстық, 12 оқушы республикалық және 17 шәкіртіміз Халықаралық ғылыми жоба жарыстарының жеңімпазы атанды.

Ал, бірнеше жүздеген түлектеріміз облыстық, республикалық пәндік олимпиадалардың жеңімпазы атанды. Жыл сайын мектеп бітірген түлектердің бірнешеуі «Алтын белгі», «Үздік» аттестат иегерлері атанып, 85-90 пайызы мемлекеттік білім гранттарына ие болса, ұлттық гимназия ҰБТ қорытындысы бойынша алғашқы 100 мектептің қатарына енді. Республикалық «Ақбота», «Кенгуру», «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалды ойындарына қатынасқан оқушыларымыз да жыл сайын жүлделі орындарға ие болса, ҚазМУ-дың ұйымдастыруымен 11 сынып оқушыларына математика, физика, информатика пәндері бойынша өткізілген олимпиадада шәкірттеріміз жүлделі орындарды еншіледі.

Сонымен қатар президенттік олимпиадаға қатысқан оқушыларымыздың жеткен жетістіктерін де мақтанышпен айта аламыз. Бұл орайда «Зерделі жас – жаңа ғасыр адамы» ұранымен оқушыларды ғылыми ізденіске баулу, ғылыми зерттеуге қызығушылығын ояту, ғылыми ізденудің әдістерін үйрету, жан-жақты дамыған жеке тұлғаларды тәрбиелеуді мақсат еткен «Мирас» атты ғылыми қоғамның да өзіндік үлесі зор. Оның негізін салып, құрушы педагогика ғылымының докторы, профессор Қадыржан Сейталиев болды. «Мирас» қоғамы екі бағытта жұмыс жасайды: Гуманитарлық бағытта: тіл білімі, әдебиет, тарих, өлкетану, этномәдениеттану секциялары, Жаратылыстану бағытында: математика, физика, информатика, химия, биология, адам денсаулығы және қоршаған ортаны қорғау, жер және космос, экономика секциялары.

Талаптың тұлпарына мініп, білім көкжиегінің биік шыңына жетуді мақсат еткен шәкірттердің республикалық «Жарқын болашақ» байқауында, облыстық ғылыми жоба байқауы мен пәндік олимпиадаларда жеңімпаз танылып, мемлекеттік және С.Демирел атындағы университет гранттарына ие болып, мектеп қабырғасында жүріп-ақ студент атанған кездері де аз емес. 2015-2016 оқу жылының өзінде жиырма тоғыз оқушы мемлекеттік білім грантына ие болды.

«Ереуіл атқа ер салған» алмағайып заманда даңқы көкке өрлеген Махамбет бабамызға арнап өткізілген республикалық, облыстық Махамбет, Абай, Шәкәрім, Мағжан, Жұмекен, Мұқағали оқулары сайыстарында шәкірттеріміз жүлдегер атанып жүр. Осының бәрі – ұстаздарымыздың тынымсыз еңбегінің жетістігі. Ұстаз еңбегі еш байлықпен өлшенбейтін, таразы басына тең түспейтін ерен ерлік.

 

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Білімді, сауатты адамдар – бұл ХХІ ғасырдың азамат дамуының негізгі қозғаушы күші», деп көрегендік танытса, біздің ұлттық гимназия ұжымы да бәсекеге қабілетті, рухани күш-қуаты мол, ерік-жігері мықты, білімді, білікті шәкірттерді қалыптастыру жолында жоғары деңгейден көрінетін болады.

 

Нұрлыбек ДАУМОВ,

 облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, ПҒА-ның академигі.